708-бап. Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістерге салық салу мақсатында бейрезидент- заңды тұлғаның басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстарын шегерімге жатқызу тәртібі

BuhGPT редакциясы · Бөлім сарапшысы: Сапа Татьяна Ивановна

Баптың ресми мәтіні

01.07.2026 жағдай бойынша редакция. «Әділет» жүйесімен 2026-10-12 салыстырылды. Дереккөз — ҚР НҚА «Әділет» эталондық бақылау банкі →

1. Егер бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметтен салық салынатын кірісін айқындау кезінде халықаралық шарттың ережелерінде бейрезидент-заңды тұлғаның басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстарын (бұдан әрі – бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстары) шегеруге жол берілсе, онда мұндай шығыстардың сомасы өз таңдауы бойынша осындай бейрезидент-заңды тұлғамен мынадай:

1) шығыстарды пропорционалды бөлу әдісінің;

2) шығыстарды шегерімге тікелей (тура) жатқызу әдісінің бірі бойынша айқындалады.

Осы баптың және осы Кодекстің 709, 710 және 711-баптарының мақсаттары үшін бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстары бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыруға байланысты Қазақстан Республикасында да, оның шегінен тысқары жерде іс жүзінде шеккен басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстары деп танылады.

Бұл ретте:

қызметі Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келген, бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі немесе бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында құрылымдық бөлімше ашпай тұрақты мекемесі тікелей шеккен, осы Кодекстің 26-тарауына сәйкес шегерімге жататын басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстары;

бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері немесе тұрақты мекемелері басқа елдерде тікелей шеккен, Қазақстан Республикасында салық төлеуші ретінде тіркелген тұрақты мекеменің қызметіне байланысты емес басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстары;

бейрезидент-заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тіркелген тұрақты мекеменің қызметіне байланысты емес басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстары бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарына енгізуге жатпайды.

2. Бейрезидент-заңды тұлғаның басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстары – бұл ұйымды басқаруға, басқарушы персоналдың өндірістік процеске байланысты емес еңбегіне ақы төлеуге байланысты шығыстар.

3. Бейрезидент-заңды тұлға өз таңдауы бойынша есепті салықтық кезең ішінде бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарын тұрақты мекеменің шегеріміне жатқызу әдістерінің біреуін ғана қолданады.

Бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарын шегерімге жатқызудың қолданылатын әдісі бейрезидент-заңды тұлғаның шегерімге жатқызылатын басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстары жөніндегі ақпаратты қамтитын корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияға қосымшада көрсетіледі.

4. Бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарын Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме:

1) халықаралық шарттың талаптары сақталған;

2) осы Кодекстің 709-бабының 3-тармағында немесе 711-бабының 3-тармағында көрсетілген құжаттар болған;

3) бейрезидент-заңды тұлғаның резиденттігін растайтын құжат болған кезде шегерімге жатқызады.

5. Егер осы баптың 4-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген құжаттар шет тілінде жасалса, мұндай құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен нотариат куәландырған қазақ немесе орыс тіліне аудармасының болуы міндетті.

6. Бейрезидент-заңды тұлға резиденттікті растайтын құжатты корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны беру үшін белгіленген мерзімдерде тиісті салық органына ұсынады.

AI-ға сұрақ қою →
.