823-бап. Бірыңғай төлемді есептеу, төлеу және ол бойынша міндеттемелерді тиісті салықтық есептілікте көрсету тәртібі

BuhGPT редакциясы · Бөлім сарапшысы: Сапа Татьяна Ивановна

Баптың ресми мәтіні

01.07.2026 жағдай бойынша редакция. «Әділет» жүйесімен 2026-10-12 салыстырылды. Дереккөз — ҚР НҚА «Әділет» эталондық бақылау банкі →

1. Салық агенті бірыңғай төлемнің тиісті үлестерін есептеуді, ұстап қалуды және оны аударуды, сондай-ақ ол бойынша міндеттемелерді тиісті салықтық есептілікте көрсетуді осы тарауда белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүргізеді.

2. Салық агенті салық салу объектісін есепке жазу кезінде бірыңғай төлемді есептеуді жүргізеді.

3. Салық агенті бірыңғай төлемнің жеке табыс салығына, міндетті зейнетақы жарналарына, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарына тиесілі тиісті үлестерінің сомаларын ұстап қалуды төлем көзінен салық салуға жататын кіріс төленетін күннен кешіктірмей жүргізеді.

4. Салық агенттері жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдарды және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды өз қаражаты есебінен жұмыскерлердің пайдасына жүзеге асырады.

5. Салық агенті есепке жазылған кірістер бойынша бірыңғай төлемді екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы жалпы сомамен ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей, Мемлекеттік корпорацияның банктік шотына осындай бірыңғай төлем аударылатын айды көрсете отырып аударады.

6. Бірыңғай төлемді, бірыңғай төлем бойынша өсімпұлды төлеу, аудару және оларды жеке табыс салығы және әлеуметтік төлемдер (міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын қоспағанда), өсімпұл түрінде бөлу, сондай-ақ оларды қайтару Ұлттық Банкпен, уәкілетті органмен, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау жөніндегі, денсаулық сақтау саласындағы және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

7. Бірыңғай төлем сомалары осы Кодекстің 445-бабында көзделген декларацияларда көрсетіледі.

AI-ға сұрақ қою →
.