746-бап. Төлеушілер
Баптың ресми мәтіні
Шикі мұнай мен шикі мұнай өнімдерін экспортқа өткізетін жеке және заңды тұлғалар экспортқа рента салығын төлеушілер болып табылады, бұған:
осы Кодекстің 755-бабының 1-тармағында көрсетілген келісімшарттар шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылар;
көмірсутектер бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығын немесе жер қойнауын пайдалануға баламалы салық төлеушілер болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылар өндірген шикі мұнай мен газ конденсаты экспортының көлемдері кірмейді.
Осы бөлімнің мақсаттары үшін шикі мұнай және шикі мұнай өнімдері деп ЕАЭО-ның Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының 270900 қосалқы позициясында сыныпталатын тауарлар танылады.