731-бап. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолдану ерекшеліктері
Баптың ресми мәтіні
1. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің мынадай түрлерін:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын жер учаскелерін қоспағанда, осы арнаулы салық режимі қолданылатын қызметте пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығын және (немесе) жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақыны;
2) осы Кодекстің 563-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген салық салу объектiлерi бойынша – көлiк құралдары салығын;
3) осы Кодекстің 588-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген салық салу объектiлерi бойынша – мүлiк салығын;
4) осы арнаулы салық режимі қолданылатын шаруа немесе фермер қожалығының қызметі бойынша – әлеуметтік салықты;
5) осы арнаулы салық режимі қолданылатын шаруа немесе фермер қожалығының қызметі бойынша – қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақыны;
6) қосылған құн салығын (импортталатын тауарларға қосылған құн салығын және бейрезидент үшін қосылған құн салығын қоспағанда) төлеушiлер болып табылмайды.
2. Осы Кодекстің 730-бабында және осы баптың 1-тармағында көрсетілмеген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеу, төлеу осындай салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық есептілікті ұсыну, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді төлеу (аудару) жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен не осы Кодекстің 94-тарауында көзделген тәртіппен жүргізіледі.