499-бап. Түзетілген шот-фактураны жазып беру

BuhGPT редакциясы · Бөлім сарапшысы: Сапа Татьяна Ивановна

Баптың ресми мәтіні

01.07.2026 жағдай бойынша редакция. «Әділет» жүйесімен 2026-10-12 салыстырылды. Дереккөз — ҚР НҚА «Әділет» эталондық бақылау банкі →

1. Түзетілген шот-фактура бұрын жазып берілген шот-фактураға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушіні және (немесе) алушыны ауыстыруға алып келмейтін қателерді түзету қажет болған жағдайда жазып беріледі.

Түзетілген шот-фактура жазып берілген кезде бұрын жазып берілген шот-фактураның күші жойылады, қосымша шот-фактуралар болған кезде олардың да күші жойылады.

Күші жойылған қосымша шот-фактураларды қалпына келтіру үшін түзетілген шот-фактураға қосымша шот-фактуралар жазып беріледі.

2. Түзетілген шот-фактура:

1) шот-фактураларды жазып беруге қойылатын, осы тарауда белгіленген талаптарға сәйкес келуге;

2) мынадай ақпаратты:

шот-фактура түзетілген болып табылатыны туралы белгіні;

түзетілген шот-фактураның реттік нөмірі мен жазып берілген күнін;

күші жойылатын шот-фактураның реттік нөмірі мен жазып берілген күнін қамтуға тиіс.

3. Қағаз жеткізгіште жазып берілген түзетілген шот-фактура бойынша осындай шот-фактураны тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының алғаны туралы растаулардың бірінің:

1) осы Кодекстің 492-бабының 6-тармағына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының осындай шот-фактураны қолтаңбаларымен және мөрімен растауы;

2) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушінің осындай шот-фактураны тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының мекенжайына тапсырысты хатпен жіберуі және оның алынғаны туралы хабарламаның болуы;

3) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының қол қойылған және:

заңды тұлғалар үшін – егер осы тұлғада Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мөр болуға тиіс болса, оның атауы қамтылған және ұйымдық-құқықтық нысаны көрсетілген;

дара кәсіпкерлер үшін – мөрі болған кезде, тегі, аты және әкесінің аты және (немесе) атауы қамтылған мөр басылған осындай шот-фактураны алғандығы туралы хаты болуы міндетті.

4. Электрондық нысанда жазып берілген түзетілген шот-фактура бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы:

1) егер осындай түзетілген шот-фактураны алушы қосылған құн салығын төлеуші болып табылса – осындай шот-фактураның жазып берілгенін растауға немесе келіспеген кезде қабылдамауға міндетті. Бұл ретте осындай шот-фактураны алушыдан растау болған кезде шот-фактура жазып берілген болып есептеледі;

2) егер түзетілген шот-фактураны алушы қосылған құн салығын төлеуші болып табылмаса – түзетілген шот-фактураны алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде сондай шот-фактураны жазып беруді қабылдамауға құқылы. Егер осындай қабылдамау осы тармақшада көрсетілген мерзім ішінде жүргізілмесе, онда шот-фактура тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы растаған болып есептеледі. Бұл ретте алушы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушіге осындай түзетілген шот-фактураны кері қайтарып алуды талап ете отырып жүгінуге құқылы.

Осы баптың ережелері осы Кодекстің 500-бабында көзделген жағдайларда қолданылмайды.

5. Қайта құру жолымен қайта ұйымдастыру жағдайларын қоспағанда, қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның құқық мирасқоры түзетілген шот-фактураны жазып беруді жүргізбейді.

AI-ға сұрақ қою →
.