494-бап. Экспедиторлардың шот-фактураларды жазып беру ерекшеліктері

BuhGPT редакциясы · Бөлім сарапшысы: Сапа Татьяна Ивановна

Баптың ресми мәтіні

01.07.2026 жағдай бойынша редакция. «Әділет» жүйесімен 2026-10-12 салыстырылды. Дереккөз — ҚР НҚА «Әділет» эталондық бақылау банкі →

1. Көлік экспедициясы шарты бойынша клиент болып табылатын тарап үшін осындай шарт бойынша жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде шот-фактуралар жазып беруді қосылған құн салығын төлеуші болып табылатынына не болып табылмайтынына қарамастан, экспедитор жүзеге асырады.

Экспедитор шот-фактураны қосылған құн салығын төлеушілер болып табылатын тасымалдаушылар және жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді басқа да берушілер жазып берген шот-фактуралар негізінде жазып береді.

Егер тасымалдаушы (өнім беруші) қосылған құн салығын төлеуші болып табылмаса, шот-фактураны жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құнын растайтын құжат негізінде экспедитор жазып береді.

2. Экспедитор жазып беретін шот-фактурада салық салынатын (салық салынбайтын) айналым:

1) қосылған құн салығын төлеушілер болып табылатын;

2) қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайтын тасымалдаушылар және (немесе) өнім берушілер көлік экспедициясы шартының шеңберінде орындаған және көрсеткен жұмыстар мен қызметтердің құны ескеріле отырып көрсетіледі.

Шот-фактурада экспедитордың айналымына енгізілетін көлік экспедициясы шарты бойынша сыйақы сомасы бөлек жолмен бөліп көрсетіледі.

Экспедитор жазып беретін шот-фактурада:

өнім берушінің деректемелері ретінде экспедитордың деректемелері көрсетіледі;

алушының деректемелері ретінде көлік экспедициясы шарты бойынша клиент болып табылатын салық төлеушінің деректемелері көрсетіледі.

3. Көлік экспедициясы шарты бойынша қызметті жүзеге асыру кезінде экспедитор осы Кодекстің 205-бабына сәйкес тасымалдаушылар және (немесе) осындай шарт шеңберінде жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушілер, сондай-ақ олардың құны туралы ақпаратты ашатын салықтық тіркелімді жасайды.

4. Көрсетілген талаптарға сәйкес жазып берілген шот-фактура көлік экспедициясы шарты бойынша клиент болып табылатын тараптың қосылған құн салығының сомасын есепке жатқызуы үшін негіз болып табылады.

AI-ға сұрақ қою →
.