391-бап. Талап ету құқығын, оның ішінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кіріс

BuhGPT редакциясы · Бөлім сарапшысы: Сапа Татьяна Ивановна

Баптың ресми мәтіні

01.07.2026 жағдай бойынша редакция. «Әділет» жүйесімен 2026-10-12 салыстырылды. Дереккөз — ҚР НҚА «Әділет» эталондық бақылау банкі →

1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, жеке тұлғаның борышкерден талап ету құқығын басқаға беруі жүргізілген құн мен жеке тұлға мен борышкер арасындағы шарт негізінде басқаға беру күніне осындай талаптың мөлшері арасындағы оң айырма талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кіріс болып табылады.

Егер басқаға беру жүргізілетін талапты жеке тұлға талап ету құқығын басқаға беру жолымен сатып алса және (немесе) басқа жеке тұлғадан өтеусіз алса, онда талап ету құқығын басқаға беруден түскен кіріс жеке тұлғаның борышкерден талап ету құқығын басқаға беру жүргізілген құны мен осындай талаптың басқаға беру күніне арналған мөлшері арасындағы оң айырма болып табылады, бірақ жеке тұлға талап ету құқығын бұрын алған құннан және (немесе) басқа жеке тұлғадан өтеусіз алынған талап ету құқығының құнынан аспайды.

Талап ету құқығын басқаға беруден түскен кіріс талап ету құқығын басқаға беру жүргізілген салықтық кезеңде танылады.

2. Талап ету құқығын басқаға беру құны мен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың бағасы арасындағы оң айырма осындай шарт жасалған күннен бастап талап ету құқығын басқаға беру күніне дейінгі кезең үш жылдан аз болатын жағдайда, талап ету құқығын басқаға берген салық төлеуші үшін тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кіріс болып табылады.

3. Талап ету құқығын басқаға берген салық төлеуші үшін талап ету құқығын басқаға беру құны мен жеке тұлға осындай құқыққа бұрын ие болған құн және (немесе) басқа жеке тұлғадан өтеусіз алынған талап ету құқығының арасындағы оң айырма осындай құқыққа тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша талап ету құқығын басқаға беру арқылы ие болған және (немесе) оны алған күннен бастап осындай талап ету құқығын басқаға беру күніне дейінгі кезең үш жылдан аз болатын жағдайда, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша талап ету құқығын басқаға беру арқылы бұрын сатып алынған және (немесе) басқа жеке тұлғадан өтеусіз алынған, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті талап ету құқығын басқаға беруден түсетін кіріс болып табылады.

AI-ға сұрақ қою →
.