382-бап. Мүліктік кіріс жөніндегі жалпы ережелер
Баптың ресми мәтіні
1. Жеке тұлғаның салық салуға жататын мүліктік кірісіне мыналар жатады:
1) осы параграфта көзделген құн өсімінен түсетін кіріс;
2) дара кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлға мүлікті салық агенттері болып табылмайтын тұлғаларға мүліктік жалдауға (жалға) беруден алған кіріс.
2. Құн өсімінен түсетін кіріс мына жағдайларда:
1) жеке тұлғаның осы баптың 3-тармағында көрсетілген мүлікті өткізуі;
2) салым ретінде осы баптың 3-тармағында көрсетілген мүлікті заңды тұлғаның жарғылық капиталына беру;
3) талап ету құқығын, оның ішінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша басқаға беру кезінде түзіледі.
Құн өсімінен түсетін кіріс осы тармақта көрсетілген жағдайлар басталған салықтық кезеңде түзіледі.
3. Егер осы баптың 5-тармағында өзгеше белгіленбесе, осы параграфтың ережелері жеке тұлғаның мынадай мүлкіне қолданылады:
1) жылжымайтын мүлік, оның ішінде жер учаскелері және (немесе) жер үлестері;
2) көлік құралдары, оның ішінде тіркемелер;
3) инвестициялық алтын;
4) заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі;
5) бағалы қағаздар;
6) туынды қаржы құралдары (орындалуы базалық активті сатып алу немесе өткізу жолымен болатын туынды қаржы құралдарын қоспағанда);
7) цифрлық активтер;
8) оңайлатылған декларация негізінде не шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкердің активтері.
4. Осы параграфтың ережелері дара кәсіпкердің осы Кодекстің 393-бабына сәйкес айқындалатын кірісіне қолданылмайды.
Мүліктік кіріс салықтық және (немесе) бухгалтерлік есепке алуды жүргізу жүзеге асырылатын мүлікті қоспағанда, осы Кодекстің 393-бабына сәйкес айқындалатын дара кәсіпкердің кірісіне, жеке практикамен айналысатын адамның кірісіне қосылмайды.
5. Жеке тұлғаның кірісі мынадай мүлікті:
1) меншік құқығын тіркеу күнінен бастап осындай жеке тұлғаның меншік құқығында екі жыл және одан көп болатын, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан тұрғынжайларды, саяжай құрылыстарын, орынтұрақ орындарын, қоймаларды, гараждарды, жеке қосалқы шаруашылық объектілерін;
2) мынадай:
тұрғынжай, саяжай құрылысы, орынтұрақ орны, қойма, гараж, жеке қосалқы шаруашылық объектісі осындай жеке тұлғаның меншік құқығында меншік құқығын тіркеу күнінен бастап екі жыл және одан көп болатын
немесе
осындай шарт жасалған күннен бастап немесе талап ету құқығын басқаға беру арқылы осындай құқыққа ие болған күннен бастап мүлікті өткізу немесе оны жарғылық капиталға салым ретінде беру күніне дейінгі кезең үш және одан көп жылды құраған жағдайда, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша немесе тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша талап ету құқығын беру арқылы сатып алынған, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан тұрғынжайларды, орынтұрақ орындарын, қоймаларды, гараждарды;
3) Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуге жататын және осындай мемлекеттік тіркеу күнінен бастап осындай жеке тұлғаның меншік құқығында бір жыл және одан көп болатын механикалық көлік құралдарын және (немесе) тіркемелерді;
4) осындай жеке тұлғаның меншiк құқығында екі жыл және одан көп болатын, меншiк құқығы туындаған күннен бастап өткізу, заңды тұлғаның жарғылық капиталына салым ретiнде беру күнiне дейiн нысаналы мақсаты жеке тұрғын үй құрылысы, саяжай құрылысы, жеке қосалқы шаруашылық жүргiзу, бау-бақша шаруашылығы, гараж салу болып табылатын, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жер учаскелерiн және (немесе) жер үлестерiн өткізу, заңды тұлғаның жарғылық капиталына салым ретінде беру кезінде түзілмейді.
6. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті талап ету құқығын басқаға беру кезінде жеке тұлғаның кірісі:
1) осындай шарт жасалған күннен бастап осындай талап ету құқығын басқаға беру күніне дейінгі кезең үш және одан көп жылды құрайтын жағдайда;
2) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша талап ету құқығын басқаға беру арқылы осындай құқыққа ие болған күннен бастап осындай талап ету құқығын басқаға беру күніне дейінгі кезең үш және одан көп жылды құрайтын жағдайда түзілмейді.
7. Егер осы баптың 3-тармағында көзделген мүліктің құны шетел валютасымен көрсетілсе және (немесе) операция шетел валютасымен жүргізілсе, құн өсімі мүліктің құны көрсетілген және (немесе) операция жүргізілген валютамен айқындалады және содан кейін құнның мұндай өсімі осы баптың 2-тармағында көрсетілген жағдайлар басталған күнтізбелік жыл ішіндегі валютаның орташа арифметикалық ресми бағамы қолданыла отырып, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен қайта есептеледі.