23-бап. Қазақстан Республикасы салық заңнамасының қолданылуы

BuhGPT редакциясы · Бөлім сарапшысы: Сапа Татьяна Ивановна

Баптың ресми мәтіні

01.07.2026 жағдай бойынша редакция. «Әділет» жүйесімен 2026-10-12 салыстырылды. Дереккөз — ҚР НҚА «Әділет» эталондық бақылау банкі →

Бапқа өзгерістер енгізілген: ҚР 11.06.2026 Заңы.

1. Қазақстан Республикасының салық заңнамасы Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады және осы Кодексте салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлеушілер ретінде, сондай-ақ салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді алу және әкімшілендіру жөніндегі тиісті салықтық және өзге де рәсімдерге қатысушылар ретінде айқындалған барлық жеке тұлғаларға, заңды тұлғаларға және олардың құрылымдық бөлімшелеріне қолданылады.

2. Жаңа салықты және (немесе) бюджетке төленетін төлемді белгілеу, мөлшерлемені арттыру, салық салу объектісін және (немесе) салықтық базаны өзгерту, салық төлеушілердің (салық агенттерінің) санаттарын ұлғайту, салықтар мен бюджетке төлемдер төлеу бойынша шегерімнің немесе жеңілдіктің күшін жою немесе оны азайту бөлігінде осы Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заңдар ағымдағы жылғы 1 шілдеден кешіктірілмей қабылдануы және олар қабылданған жылдан кейінгі жылғы 1 қаңтардан кейін қолданысқа енгізілуі мүмкін.

3. Осы Кодекске өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу Қазақстан Республикасының басқа да заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздемейтін заңмен жүзеге асырылады.

Бұл ретте Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару бастамасы тәртібімен осы Кодекске өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде мұндай заң жобасын салық саясаты саласындағы уәкілетті орган және (немесе) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді.

4. Заңдардың салықтардың және (немесе) бюджетке төленетін төлемдердің жаңа түрлерін белгілейтін, мөлшерлемелерді арттыратын, жаңа міндеттер белгілейтін, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) жағдайын нашарлататын ережелерінің кері күші болмайды.

Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.06.2026 № 308-VIIІ (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
AI-ға сұрақ қою →
.