165-бап. Хронометраждық зерттеп-қарауды жүргізу ерекшеліктері

BuhGPT редакциясы · Бөлім сарапшысы: Сапа Татьяна Ивановна

Баптың ресми мәтіні

01.07.2026 жағдай бойынша редакция. «Әділет» жүйесімен 2026-10-12 салыстырылды. Дереккөз — ҚР НҚА «Әділет» эталондық бақылау банкі →

1. Хронометраждық зерттеп-қарау салық төлеушінің (салық агентінің) және (немесе) оның өкілінің қатысуымен жүзеге асырылады.

2. Хронометраждық зерттеп-қарауды жүргізу үшін салық органы зерттеп-қаралатын салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объекті бойынша мәселелерді өзі дербес айқындайды.

Міндетті түрде зерттеп-қарауға мыналар:

1) салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер жатады. Салық органының, қажет болған кезде, салық төлеушінің тауарлық-материалдық құндылықтарына түгендеу жүргізуге құқығы бар;

2) ақшаның, ақша құжаттарының, бухгалтерлік кітаптардың, есептердің, сметалардың, бағалы қағаздардың, есеп-қисаптардың, декларациялардың және зерттеп-қаралатын салық салу объектісіне және (немесе) салық салуға байланысты объектіге байланысты өзге де құжаттардың болуы;

3) бақылау-касса машинасының фискалдық есебі жатады.

3. Хронометраждық зерттеп-қарауды жүргізетін салық органының лауазымды адамы хронометраждық-байқау карталарына зерттеп-қарау барысында алынған мәліметтердің толық және дәл енгізілуін күн сайын қамтамасыз етеді.

Хронометраждық-байқау картасы әрбір салық салу объектісіне және (немесе) салық салуға байланысты объектіге, сондай-ақ басқа да әрбір кіріс алу көзіне жасалады.

Хронометраждық-байқау картасында:

1) салық төлеушінің сәйкестендіру деректері және қызмет түрі;

2) хронометраждық зерттеп-қарауды жүргізу күні, оның басталу және аяқталу уақыты;

3) салық салу объектісінің және (немесе) салық салуға байланысты объектінің тұрған жері;

4) өткізілетін тауарлардың, орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құны;

5) зерттеп-қаралатын салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объект жөніндегі деректер;

6) зерттеп-қарау нәтижелері қамтылуға тиіс.

4. Күн сайын зерттеп-қаралатын күннің соңында барлық зерттеп-қаралатын салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер, сондай-ақ басқа да кіріс алу көздері бойынша жиынтық кесте жасалады.

5. Хронометраждық-байқау картасы мен жиынтық кестеге салық органының лауазымды адамы және салық төлеуші немесе оның өкілі міндетті түрде қол қояды және ол хронометраждық зерттеп-қарау актісіне қоса беріледі.

Хронометраждық-бақылау картасына, қажет болған кезде, растайтын құжаттардың, есеп-қисаптардың және зерттеп-қарау барысында алынған басқа материалдардың көшірмелері қоса беріледі.

AI-ға сұрақ қою →
.