161-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексеруді жүргізу кезіндегі құқықтары мен міндеттері
Баптың ресми мәтіні
1. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық тексеру жүргізу кезінде:
1) салық органынан осы Кодекстің және тексеру жүргізу тәртібіне қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасының ережелері туралы ақпаратты сұратуға және алуға;
2) салық органдарының салықтық тексеру жүргізетін лауазымды адамдарынан салықтық тексеру жүргізу туралы нұсқаманы, сондай-ақ қызметтік куәліктерін не сәйкестендіру карталарын көрсетуді талап етуге;
3) салықтық тексеруді жүргізу кезінде қатысуға және салықтық тексеру нысанасына қатысты мәселелер бойынша түсініктеме беруге;
4) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған тәртіппен салықтық тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық беруге;
5) тексерудің стандартты файлын – салық органының ақпараттық жүйелері арқылы талдауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін электрондық форматтағы бухгалтерлік есепке алу деректерін ұсынуға құқылы.
Стандартты файлға қойылатын талаптарды, оны жасау және ұсыну тәртібін уәкілетті орган белгілейді;
6) осы Кодексте көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
2. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық тексерулер жүргізу кезінде:
1) салық органы лауазымды адамдарының талап етуі бойынша белгіленген мерзімдерде құжаттар мен мәліметтерді қағаз және электрондық жеткізгіштерде ұсынуға;
2) салық төлеуші (салық агенті) жасаған есепке алу құжаттамасын ұсынуға;
3) салық органының салықтық тексеру жүргізетін лауазымды адамдарының және осындай тексеруді жүргізуге қатысу үшін тартылатын лауазымды адамдардың тексерілетін тұлғаның аумағына және (немесе) үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге және оларға жұмыс орнын беруге;
4) салықтық тексерулер барысында түгендеу жүргізуді қамтамасыз етуге;
5) салық органының салықтық тексеру жүргізетін лауазымды адамдарының талап етуі бойынша салық төлеушінің (салық агентінің) қызметі мәселелері бойынша жазбаша және ауызша түсінік беруге;
6) бухгалтерлік және салықтық есепке алуды автоматтандыруға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету деректерін қарауға және (немесе) ол пайдаланатын және:
бастапқы есепке алу құжаттарының деректерін;
бухгалтерлік есеп тіркелімдерінің деректерін;
салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы ақпаратты қамтитын ақпараттық жүйеге қолжетімділік беруге;
7) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
Осы Кодекстің 156-бабы 2-тармағының 7), 8), 9), 13) және 15) тармақшаларында көрсетілген мәселелер бойынша тақырыптық тексерулерді жүргізу кезінде тексерілетін тұлғалар тексеруді жүргізу кезінде туындайтын түсіру, тиеу, сақтау жөніндегі шығыстарды өтейді.