132-бап. Төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімдерін өзгерту туралы жалпы ережелер
Баптың ресми мәтіні
1. Төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімдерін өзгерту – салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеудің осы Кодексте белгіленген мерзімін неғұрлым кешірек мерзімге ауыстыру не салықтық берешекті өтеу мерзімдерін ұзарту.
2. Төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімдерін өзгерту:
1) салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша кейінге қалдыру (бөліп төлеу);
2) импортталатын тауарлар бойынша қосылған құн салығын төлеу мерзімін өзгерту;
3) мемлекеттік баж төлеу бойынша кейінге қалдыру нысандарында жүзеге асырылады.
3. Салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімдерін өзгерту:
1) өнім өндіру кезінде пайдаланылатын импортталатын тауарлар бойынша қосылған құн салығы бойынша меншікті өндіріс тауарларын өндіруші – салық төлеушіге бір күнтізбелік жылға дейінгі кезеңге кейінге қалдыруды;
2) Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында көзделген берешекті қайта құрылымдау рәсімі шеңберінде кейінге қалдыруды (бөліп төлеуді) беру жағдайларын қоспағанда, салық төлеушіні оларды уақтылы төлемегені үшін өсімпұл төлеуден босатпайды.