121-бап. Салықтың, бюджетке төленетін төлемнің және өсімпұлдың есепке жатқызуға және (немесе) қайтаруға жатпайтын артық төленген және төленген сомалары

BuhGPT редакциясы · Бөлім сарапшысы: Сапа Татьяна Ивановна

Баптың ресми мәтіні

01.07.2026 жағдай бойынша редакция. «Әділет» жүйесімен 2026-10-12 салыстырылды. Дереккөз — ҚР НҚА «Әділет» эталондық бақылау банкі →

1. Заңды тұлға мен оның құрылымдық бөлімшесі арасындағы есепке жатқызуды қоспағанда, салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың артық төленген сомасы басқа салық төлеушінің салықтық берешегін өтеу есебіне есепке жатқызуға жатпайды.

2. Мемлекеттік баждың төленген сомасы:

1) есепке жатқызуға;

2) мынадай:

талап қоюшы талап қоюдан бас тартқан;

талап қоюшы өз талаптарын азайтқан;

сот бұйрығының күші жойылған кезде қайтаруға жатпайды.

3. Осы Кодекстің 120-бабының 3 және 4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мыналар:

1) автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүріп өткені үшін төленген алым сомасы;

2) консулдық алымның төленген сомасы;

3) қол қою бонусының төленген сомасы;

4) жер учаскелерін пайдаланғаны, пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия негізінде Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттің жер қойнауы учаскесін бергені үшін артық төленген төлемақы сомасы;

5) жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төленген төлемақы сомасы;

6) АХҚО-ның инвестициялық резиденті болып табылатын шетел азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның резиденттігін растайтын құжатты бергені үшін төленген алым сомасы;

7) есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалауға жататын акцизделетін тауарлар үшін акциздердің артық төленген сомасы;

8) орманды пайдаланғаны үшін төленген төлемақы сомасы;

9) тіркеу алымының төленген сомасы;

10) жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға арналған лицензиялар бергені үшін төленген алым сомасы;

11) мемлекеттік баждың төленген сомасы есепке жатқызуға және қайтаруға жатпайды.

4. Жер учаскелерін пайдаланғаны, жерүсті су объектілерінің су ресурстарын пайдаланғаны, қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін салықтың, төлемақының артық төленген сомасы мынадай:

1) осындай салықтар мен төлемақылар бойынша салықтың есептілікті ұсыну тоқтатыла тұрған кезеңде оны ұсыну күніне дейін;

2) салықтық тексеру жүргізілген кезеңде аяқталғанға дейін есепке жатқызуға және қайтаруға жатпайды.

5. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығы сомасының декларация бойынша қалыптасқан есепке жазылған салық сомасынан асып кетуі салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша кейінге қалдыруды (бөліп төлеуді) беру туралы шешімде көзделген қосылған құн салығын төлеу есебіне есепке жатқызуға жатпайды.

6. Салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың артық төленген сомасы талап қоюдың ескіру мерзімі өткеннен кейін есепке жатқызуға және қайтаруға жатпайды.

Талап қоюдың ескіру мерзімі өткен салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың артық төленген сомасы салық органының шешімі негізінде есептен шығаруға жатады.

7. Қазақстан Республикасының аумағында қызметін интернет-алаң арқылы жүзеге асыратын шетелдік компания төлеген қосылған құн салығының сомасы қайтаруға жатпайды.

AI-ға сұрақ қою →
.