11-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) тұрған жеріне байланысты ұғымдар

BuhGPT редакциясы · Бөлім сарапшысы: Сапа Татьяна Ивановна

Баптың ресми мәтіні

01.07.2026 жағдай бойынша редакция. «Әділет» жүйесімен 2026-10-12 салыстырылды. Дереккөз — ҚР НҚА «Әділет» эталондық бақылау банкі →

Салық төлеушінің (салық агентінің) тұрған жері (бұдан әрі – тұрған жері) деп салық төлеуші (салық агенті) жатқызылған субъектінің санаттарына байланысты мынадай жерлер танылады:

1) жеке тұлғаның тұрғылықты жері – Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасына сәйкес азаматтың тіркелген жері;

2) Қазақстан Республикасында тіркелген жері жоқ, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде тұратын Қазақстан Республикасы азаматының тұрғылықты жері – Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасына сәйкес азаматтың Қазақстан Республикасында соңғы тіркелген жері;

3) дара кәсіпкердің және жеке практикамен айналысатын адамның тұрған жері – Қазақстан Республикасында салықтық тіркелу кезінде мәлімделген, олардың қызметі басым түрде жүзеге асырылатын жер;

4) резидент-заңды тұлғаның, оның құрылымдық бөлімшесінің, бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің тұрған жері – Қазақстан Республикасында тіркелу кезінде Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген, оның тұрақты жұмыс істейтін органының орналасқан жері;

5) қызметін құрылымдық бөлімше ашпай, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаның тұрған жері – Қазақстан Республикасында салықтық тіркелу кезінде мәлімделген, қызметті Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын жер;

6) тиімді басқару орны Қазақстан Республикасында орналасқан, шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғаның тұрған жері – Қазақстан Республикасында салықтық тіркелу кезінде мәлімделген және басқару органының тиісті хаттамасында көрсетілген, директорлар кеңесінің жиналысы немесе осыған ұқсас басқару органы айқындаған Қазақстан Республикасындағы нақты басқару органының тұрған жері;

7) шетел азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның болатын жері – Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркелу кезінде мәлімделген, шетел азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның уақытша болатын жері;

8) Қазақстан Республикасында болмайтын, салық агенті болып табылмайтын адамнан Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістерден жеке табыс салығын төлеу бойынша салықтық міндеттемесі туындайтын шетел азаматының немесе азаматтығы жоқ адамның болатын жері – Қазақстан Республикасындағы көздерден осындай шетел азаматына немесе азаматтығы жоқ адамға кіріс төлейтін адамның тұрғылықты (тұрған) жері.

AI-ға сұрақ қою →
.